Батыс Қазақстанда боранға байланысты Самара – Шымкент жолы жабылды

«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 16 наурыз күні жергілікті сағат 08.00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (266-394 км, Подстепный ауылынан Жымпитыға дейін) жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Жабылу себебі – боран, жолдың нашар көрінуі.
Бұдан бұрын дәл осындай себеппен түнгі сағат 00.00-ден аталмыш жолдың Жымпитыдан Ақтөбе облысына дейінгі аралығы (394-525 км) жабылған еді.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті аталған бағытта тұрғындарға жолға шықпау керектігін жеткізді.
Сонымен қатар сағат 08.30-ден бастап республикалық маңызы бар Орал-Атырау, Подстепный-Федоров-РФ шекарасы, Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолдарында да қозғалысқа шектеу қойылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда республикалық жолдарда көлік қозғалысына тыйым салынғанын жазған болатынбыз.