Батыс Қазақстанда дәнді дақылдар алқабы 320 мың гектарды құрамақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл дәнді дақылдар алқабы 320 мың гектарды құрамақ, бұл өткен жылғыдан (260 мың га) 60 мың гектарға көп.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшиннің айтуынша, соның ішінде 274,9 мың гектарға жаздық дақылдар егу көзделсе, осының 144,9 мыңы - жаздық бидай, 116,5 мыңы - арпа, 9 мыңы - тары, 4,5 мыңы - басқа дақылдар. Биыл сондай-ақ 12 мың гектарға картоп пен бау-бақша дақылдарын егу жоспарлануда, бұл өткен жылғыдан 350 гектарға артық. Майлы дақылдар 50 мың гектарға (2015 жылы - 50,1 мың гектар) орналастырылмақ. Өңірде соңғы кезде мал азықтық дақылдарға ерекше мән берілуде. Биыл мұндай дақылдар 214,0 мың гектарға егілмек, бұл өткен жылғыдан (166,3 мың гектар) 47,7 мың гектарға көп.

Облыс бойынша 23,49 мың тонна жазғы дәнді дақылдар тұқымы қажет болса, күні бүгін соның 17,7 мың тоннасы немесе 75,4 пайызы әзір. Майлы дақылдар тұқымы 0,43 мың тоннаның орнына 0,63 мың тонна (146,5 пайыз) дайындалған. 1,39 мың тонна мал азықтық дақылдар тұқымы керек болса, соның 0,82 мың тоннасы немесе 59 пайызы бар. Сондай-ақ 15,9 мың тонна картоп тұқымы қажет болса, соның 8,3 мың тонасы немесе 52,2 мың тоннасы әзір. Жетіспейтін тұқым еліміздің басқа облыстары мен Ресей Федерациясынан жеткізілетін болады.

Көктемгі егіске қазіргі кезде тракторлардың 81, тұқым сепкіштердің 83, культиватордың 83 пайызы дайын. Егіс жұмыстарына 4173 трактор, 4965 тұқым сепкіш, 793 культиватор, 47 өнімділігі жоғары егіс кешені қатыстырылмақшы.

Күні бүгін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 2,8 мың тонна дизельді отын бар, бұл - қажеттіліктің 23 пайызы.

2016 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы Батыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісін несиелеуге 458 млн. теңге қарастырылса, жыл басынан бері 3 шаруашылық 15 млн. теңге алып үлгерді. Оған қоса өткен жылдың аяғында биылғы көктемгі егіс жұмыстары үшін 7 шаруашылыққа 82,7 млн. теңге берілген болатын. Оған қоса «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан филиалы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін «Егінжай» бағдарламасы бойынша 60 млн. теңге бөліп отыр.

Соңғы жаңалықтар