Батыс Қазақстанда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заманауи ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа кешенде жастар мен ересектердің спортпен белсенді айналысып, денсаулықтарын шыңдауға мүмкіндік мол екендігін жеткізді.
«Ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуде спорттың маңызы ерекше. Кеңес дәуірінде осындай шалғай ауылдарға аса назар аударылмағаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде ауданға табиғи газ құбыры тартылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс орталығымен жалғастыратын қатқыл табанды жол салынуда. Өңірде Қарашығанақты игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаржысына әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бірі – осы дене шынықтыру-сауықтыру кешені», деді өңір басшысы.
Ауқымды аумақты алып жатқан ғимараттың құны – 428,531 млн теңге.
Рәсім барысында құрылысқа тапсырыс беруші «ҚПО б.в.» компаниясы мен жауапты мердігер «Наурыз» ЖШС атына алғыс айтылды.
160 адамға арналған кешенге келушілер күрес, бокс, баскетбол, волейбол, үстел теннисі және басқа спорт түрлерімен шұғылдана алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында үздік спортшылар мен бапкерлер марапатталғанын жазған болатынбыз.