Батыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен 10,1 млрд. теңге бөлінді

ОРАЛ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен 10,1 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтууынша, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыста екі аурухана мен бір емхананың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оған қоса жергілікті бюджет есебінен Орал қаласының Желаев кентінде 35 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

2010 жылы облыстық және қалалық ауруханаларды медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыруға республикалық бюджеттен 769,38 млн. теңге бөлініп, ол толық игерілді. Қалалық медициналық жедел жәрдем стансасына 15 автокөлік бюджет есебінен сатып алынды.

Соңғы үш жылда облыста демографиялық жағдайдың жақсаруы байқалады. Сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші тұрақталып келеді. Өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, табиғи өсім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 4,4-ті құрап отыр.

Туберкулездің белсенді түрімен науқастанушылық өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 36%-ға төмендеді.

Соңғы жылдары елдегі медицина академияларымен тығыз байланыстар орнатылып, жас мамандарды облысқа тарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Мәселен, биылғы жылы облысқа 47 жас маман тартылып, оның 32-сі қалалық медицина ұйымдарына, ал 15-і аудандарға жолданды. Ауданға жолданған мамандардың барлығы, ал қалаға жұмысқа орналасқан мамандардың 22-сі тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Жыл аяғына дейін «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша тағы екі денсаулық сақтау нысаны: Ақжайық ауданының Чапаев ауылында 250 келушіге арналған аудандық емхана (қараша айында), Орал қаласында 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасын (желтоқсанда) салып бітіру көзделіп отыр. Сонымен қатар бағдарламадан тыс бой көтеріп жатқан Орал қаласындағы 150 төсектік онкологиялық диспансер құрылысы желтоқсанда пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар