Батыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласында «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылмақ
Бұл туралы Қазталов ауданында өткізілген ана мен сәби және қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім-жітімді төмендету үшін шұғыл шараларды қолға алу жөніндегі өңірлік штабтың көшпелі отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, өңірде биылғы 4 ай ішінде 4068 нәресте дүниеге келген. Алайда аудандарда сәби өлімі жойылған жоқ. Мұның өзі жас аналардың дүниеге сәби әкелуге деген дайындықтарының әлі де болса жоқтығын байқатады. Осыған орай болашақ ана болатын жастарды отбасылық, аналық өмірге ерте бастан дайындау қажет. Бұл орайда мектептерде «Қыздар», «Ұлдар», «Баланы дамыту» мектептері ұйымдастырылып, валеология сабақтары тиімді жүргізулері тиіс.
Сондай-ақ аудандық әділет департаменті бөлімдерімен бірлесе отырып, «Отбасын жоспарлау мектептерін» де ұйымдастыру қажеттігі туындауда. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында жүктілік болу фактілері жиі кездесуде. Бұл, әсіресе, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандарында көрініс табуда. Осыған орай мұндай жағдайларға құқық қорғау органдары арқылы тиісті шаралар алынуы қажет. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан сәбиге жауапсыз қарау нәтижесінде өлім фактілері бар. Мұнымен қоса аудандарда кейбір ата-аналардың діни теріс ағымға түсу нәтижесінде балаларының денсаулығын дәрігерге қаратпау да белең ала түсуде. Бұл жағдай Ақжайық ауданында кездесіп отыр.
Аудандарда маман дәрігерлердің жетіспеуі салдарынан ауыр науқастарды тікұшақпен Орал қаласына әкелу жағдайлары кездесуде. Дейтұрғанмен, мына мәселені ескерген жөн. Мысалы, Бөкей ордасына санитарлық тікұшақтың бір ұшып барып-қайтуы 450 мың теңгені құрайды екен. Сондықтан аудандарда жас мамандарды тұрақтандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қазіргі күнде облыс дәрігерлерінің 35 пайызы - зейнет жасындағылар. Былайша айтқанда, облыстық денсаулық сақтау саласы «қартайып» бара жатыр.
Бөкей ордасы ауданында «жедел жәрдем» автокөліктері ескірсе, Ақжайық ауданының орталық ауруханасына күрделі жөндеу қажет. Сонымен қатар Қазталов ауданының Ақпәтер ауылындағы амбулатория құлау қаупінде.
Кеңесте бұларға қоса ана мен бала, жалпы тұрғындар денсаулығын сақтау жолындағы күрделеніп тұрған мәселелер ашық айтылды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен аудан әкімдеріне, денсаулық сақтау саласына басшылық ететін аудан әкімінің орынбасарларына, денсаулық сақтау қызметкерлеріне және ведомствоаралық мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, айқын міндеттер жүктеді.