20:25, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда денсаулық сақтауға барынша көңіл бөлініп келеді, шешілуге тиісті мәселелер де жоқ емес - Денсаулық сақтау вице-министрі
ОРАЛ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда денсаулық сақтауға барынша көңіл бөлініп келеді, шешілуге тиісті мәселелер де жоқ емес. Бұл туралы ақпанның 4-6-сында облыста жұмыс сапарымен болған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, өңірде жылма-жыл жаңа емдеу орындары ашылуда немесе қайта жаңартылуда. Олар тиісті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілген. Дегенмен ана мен бала өлімі әлі де жойылмай тұр. Орал қаласындағы босану жасындағы әйелдердің 70 пайызының қаны аз, гемоглобин жетіспейді. Облыс бойынша әйел-аналардың тек 28 пайызы ғана алдын ала тексеруден өткен. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жан-жақты, кешенді түрде жүргізілуі керек.