Батыс Қазақстанда егістікті әртараптандыруға байланысты ноқат өсіру де қолға алынды

Бұл дақылды өсірумен бүкіләлемдік банктің гранты бойынша 2010 жылдан бері облыстағы белгілі шаруашылықтардың бірі - Зеленов ауданындағы «Каркула» шаруашылығы айналысып келеді.
Ноқат - бұршақ тұқымдастарына жататын бір жылдық өсімдік. Оны тағам ретінде кеңінен қолданады. Әсіресе, вегетариандық ас мәзірінде ноқат жетекші орын алады. Кондитер өндірісіне де пайдаланады. Сабағы мен дәнін мал атаулысы жақсы жейді. Дүниежүзінде 9 млн. гектар аумақта ноқат өсірілсе, соның тоқсан пайызы Үндістан, Қытай, Пәкістан сияқты Азия елдеріне және Африка құрлығындағы тропикалық табиғатты елдердің еншісіне тиеді. Ал ауа райы күрт континентальды Қазақстанда ноқат өсіруге бола ма? Қандай агротехнологиялық шараларды қолданған жөн? Бүкіләлемдік банктің грант бөлудегі мақсаты осыны білу болатын.
Грантты жеңіп алған «Каркула» қожалығы 2010 жылдан бері осы дақылды егіп, оны зерттеп келеді. Биыл шаруашылық 14 мың гектарға егін егіп жатса, соның 300 гектарына ноқат тұқымы себілуде. Ал облыс бойынша аталмыш дақылды 500 гектарға егу жоспарланып отырса, соның алпыс пайызы «каркулалықтардың» еншісінде.
-13 сәуір күні ылғал жабуға шықтық. 18 сәуірде егуді бастадық. 8,5 мың гектарға жазғы бидай, 2,5 мыңға арпа, бір мың гектарға күнбағыс егудеміз. Сұлы мен қарақұмық егістіктері 900 гектарды құрайды. Енді ноқатқа келсек, биыл үшінші жыл егіп отырмыз. Бұршақ тұқымдас дақыл ғой, күй таңдамайды. Себу нормасы гектарына 180 келіден келеді. Ылғал сақтау технологиясы бойынша жерді жыртпай егіп жатырмыз. Көктемде ылғал жаптық. Дән өсіп шыққанша тырмалау жұмыстарын жүргіздік. Жалпы, ноқат суыққа төзімді дақыл, сол себепті ерте еккенді жақсы көреді. Жерде ылғал мол болуы керек. Тағы бір жақсы қасиеті сол, одан кейін бұл алқапқа кез келген дақылды егуге болады. Себебі ноқат топырақта азотты жинайды. Сондай-ақ оны өсіріп-жинауға арнайы техника алу керек емес, - дейді аталмыш шаруашылықтың агрономы Николай Калашников.
Сапалы тұқым - мол өнімнің кепілі. Бұл бағытта қожалық мамандары ноқат тұқымын «Юнта» препаратымен өңдегенін айтады. Нәтижесі жаман емес. Алғашқы жылы оны 100 гектарға егіп, әр гектардан 7 центнерден өнім алыпты. 2010 жылы өңірімізде орын алған қуаңшылық жағдайында бұл тәуір көрсеткіш екені сөзсіз. Ал былтырғы егістік көлемі де, жиналған өнім де 2010 жылғымен салыстырғанда екі есеге ұлғайған.
Қожалық жетекшісі Валентина Каркуланың айтуынша, бүкіләлемдік банктен алынған 4,5 млн. теңгеге тұқым, оны улағыш техника алынып, қойма жөнделген. Ноқат кондитер өнімдеріне қолданылуы себепті келешекте өздерінің нан-бөлке өндірісіне пайдалану көзделуде. Жалпы, бұл дақылда 30 пайызға дейін ақуыз, 60 пайызға дейін көмірсутек және аса маңызды амин қышқылдар кездеседі. Сол себепті бүгінде гендік өзгертілген соя өнімдерінен гөрі ноқат өнімі жоғары бағаланады.
Заманауи агротехникалық шараларды уақтылы жүргізетін «Каркула» қожалығының қуаңшылық жылдарда да қамбасы құр қалған емес. «Джон Дир», «Кейс» секілді дән егу кешендері тұқым себу жұмыстарын уақтылы атқарады. Көктемнің әр күні жылға азық екенін қожалық басшылары да, дала төсіндегі диқандар да жақсы түсінеді.
Жалпы, өңірде биыл 342,2 мың гектарға жазғы дақылдар себу жоспарланса, соның төрттен бірін майлы дақылдар алқабы құрамақ. Мұның өзі облыс диқандарының егін шаруашылығын әртараптандыруға бел шеше кіріскендігін көрсетеді.