Батыс Қазақстанда электриктер арасында дәстүрлі байқау өткізілуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов пен компания президенті Яхия Чудровтың атап өткеніндей, өңірде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында нақты шаралар қолға алынып отыр. Биылғы шілденің 1-інде Орал қаласы маңында газтурбиналы электр стансысы пайдалануға берілмек. Аталмыш стансы қаланың жаңа шағын аудандарын электр қуатымен қамтиды. Бұл электр қуатының бағасын да қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Ресейліктерге тәуелділіктен құтылудың бір жолы - өзімізде электр қуатын жеткілікті өндіру.
Сегіз кезеңнен тұратын аталмыш байқау қорытындысы бойынша ең үздік бригадаға арнайы диплом тапсырылып, ақшалай сыйлықпен марапатталмақ. Электр қондырғыларын пайдаланудағы қауіпсіздік техникасы ережесінен озық көрсеткішке қол жеткізген және байқауға жоғары деңгейде дайындалған топтарға аталымдар бойынша жүлделер тапсырылмақ.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау үшін кәсіпорын 200 мың теңге көлемінде арнайы қаржы бөлген.