08:08, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда халық санағы басталды
ОРАЛ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Ұлттық халық санағы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық статистика департаменті бастығының орынбасары Болтай Әлімбаеваның айтуынша, өңірдегі санақ бөлімдеріне науқан кезінде үйінде болмайтындар күні бұрын келіп, мәлімет берді. Ақпанның 25-іне қараған түні Лондоннан ұшақ келіп-кетуіне байланысты әуежайда қазақ, орыс, ағылшын тілін білетін есепшілер жұмыс жасады.
Сондай-ақ теміржол вокзалында осындай шаруалар ұйымдастырылды.
Жалпы, санақшылар күн сайын таңғы сағат 8-ден бастап кешкі 19-ға дейін үй-үйді аралайды. Облыста 63 санақ бөлімі болса, соның 25-і Орал қаласында орналасқан. Сондай-ақ 2019 есепшінің 809-ы және 501 нұсқаушы-бақылаушының 202-сі Оралда жұмыс жасайды. Санақ кезінде саяжайларда тұратындар да есепке алынады. Кейбір қиындау жерлерде санақшыларға учаскелік инспекторлар көмектеседі.