Батыс Қазақстанда инфекция стационарында жатқан сырқаттар саны 550-ден асты

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, қазіргі кезде 1323 төсектік 19 ауруханада 553 адам емделуде.
Стационарлар 41,7 пайызға толған. Бұған дейін 1123 төсектік 18 инфекциялық стационар болған еді. Күні бүгін оған 200 төсектік тағы бір аурухана қосылып отыр.
Ауруханалардың жансақтау бөлімшелеріндегі төсек саны да 72-ден 86-ға жетті. Бұларда 47 науқас жатса, соның 76 пайызы (28) – алпыстан асқандар. Соның ішінде 18-і жүрек-қан тамырлару аурулары, бесеуі қант диабетіне шалдыққан.
«Жасы алпыстан асқан тұрғындардың созылмалы дерттері болғандықтан, оларды емдеу қиынға түседі. Сондықтан егде адамдардың аса бір қажеттілік болмаса, үйлерінен шықпауы, кісі көп жиналатын жерлерге, қонақтыққа бармауы қажеттігін еске саламыз», деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны өскенін, 100 мыңға жуық адамның індетке қарсы егілгенін жазған едік.