Батыс Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасады - Б.Ізмұхамбетов, Мәжіліс төрағасының орынбасары

ОРАЛ. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ірі жобаларды жүзеге асыру жалғаса беретін болады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздескен ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті.
None
None

Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Анатолий Пепенинмен бірге Ақжайық ауданында болған Б.Ізмұхамбетов жұртшылықпен кездесуінде Елбасы Жолдауында айтылған он басым бағытқа, аймақтарда атқарылып жатырған айшықты істерге тоқталды.

-Батыс Қазақстанда болашақта 3500 адам жұмыс жасай алатын Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы басталмақ, - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары  - Батыс Қазақстан аймақтар бойынша алдыңғы лекте келеді. Осы қарқыннан танбай, жаңа инвестициялық жобалар енгізіп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыру қажет. Елбасы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Қазіргі таңда барлық аудандарда жұмыстар қарқынды жүруде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыс атқарылуда.

Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданға 500 млн. теңгедей қаржы бөлініп отыр. Ауданда 200-дей адам жұмыс жасайтын 80 несие серіктестігі құрылды. 14 мыңдай адам өз жеке шаруасымен айналысуда.

Б.Ізмұхамбетов бастаған Мәжіліс депутаттары бүгін Тасқала, ертең Теректі ауданында болмақ.

Соңғы жаңалықтар