Батыс Қазақстанда Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың таныстырылымы болмақ

Оның айтуынша, атақты ақынның соңында мол әдеби мұра мен бай кітапхана қалды. Осы баға жетпес рухани құндылықты халықтың кәдесіне жарату үшін құрылған қор - негізі біраз адамға ортақ идея. Бірақ осы бағытта нақты әрекет жасап, біраз шаруаға ұйытқы болған қазір Алматы қаласында тұратын, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Құндыз Нұпов. Ол аталмыш бағыттағы қор құру жөніндегі ой-ниетімен әуелі Қадыр ақынның зайыбы Салтанатпен, Тұманбай Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов сынды біраз ақын-жазушымен кеңеседі. Олардың барлығы да Құндыздың ниетін бірден құптай отырып, өз ой-пікірлерін қосады.
-Көп болып, кеңесе келе, ұйымдастыру шараларымен жүру, құжаттар дайындау сықылды шаруалар маған тапсырылды, дейді бүгінде Алматы қаласында тұратын Д.Қажымов. Алдымен құрылтайшы болғандай мекеме-кәсіпорындар, бизнес құрылымдарын қарастырдық. Бірақ бұл бағыттағы белсенділер бір-екі қолдаушыдан аспады. Сол себепті жеке құрылтайшылардан тұратын коммерциялық емес қоғамдық қор құруды қолға алдық. Машақаты көп жұмыс екен, біраз уақыт кетті. Құрылтайшылыққа Илья Жақанов, Ақұштап Бақтыгерева, Есенғали Раушанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев сынды Қадыр ағаны, оның қадір-қасиетін білетін, елге белгілі, беделді тұлғаларды тарттық. Сондай-ақ 25 адамнан тұратын құрылтайшылардың арасында демеуші, кәсіпкер Бақытжан Бажиков та бар. Былтырғы маусым айының басында Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында алғашқы ұйымдастыру жиыны өтіп, бірнеше талпыныстан кейін құжаттарымыз қабылданып, қор ресми тіркеуден өтті.
Қордың ресми түрде тіркелгеніне жеті-сегіз айдың жүзі болды. Қордың басты мақсаты - Қадыр Мырза Әлінің шығармашылық мол мұрасын мейлінше кең насихаттау және оның қаламгерлік қыр-сырын, тұлғалық табиғатын таныта түсетін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, Қадыр ақынның әдеби мұрасын ұрпақ тәрбиесіне кеңінен жарату, сол арқылы әдебиетті насихаттау, ел-жұрттың, әсіресе, жастардың кітап оқуға ықыласын арттыру. Ақын есімін ұлықтау да - қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Жыл басында Оралдағы №6 «Шолпан» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Досаеваның ұйымдастыруымен Қадыр ата өлеңдерінен құрылған балалар ертеңгілігі облыстық музей залында қаланың барлық қазақ тілді балабақшаларының басшыларына арнайы үлгі ретінде көрсетілді. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада, биылдан бастап қолға алынған мектеп оқушыларына арналған Қадыр оқуларын дәстүрлі шараға айналдырмақ ойымыз бар. Айтпақшы, еліміздің Білім министріне хат жолдап, келер оқу жылы бала-бақшадан бастап барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында Қадыр оқуларын жариялауды ұсындық. Бұл ұсынысымыз да қолдау табар деген үміттеміз. Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында «Қазақтың дана Қадыры» атты еске алу кеші де өте сәтті өтті. Тындырған ең үлкен жұмысымыз, баспада қалған ақынның 18 томдық толық шығармалар жинағын қолға алып, халыққа жеткізгендігіміз. Оның 500 данасын Батыс Қазақстан облысы, 100 жинақты Қызылорда облысы сатып алғанын ерекше атап өткен жөн. Былтырғы қараша айында оралдық фотосуретші Р.Халеловтың «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесін Алматыда ұйымдастырдық. Ақынның толық шығармалар жинағын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға, Алматыдағы Орталық музейге, Батыс Қазақстан облыстық музейіне тарту еттік. Сонымен қатар Қадекеңнің жылына дейін афоризмдер жинағын мазмұнына сай безендіріп, ел-жұртқа ұсынып үлгердік. Қадыр ағамыздың өлеңдеріне жазылған 20 шақты ән СD диск түрінде жарық көрді.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен Елордада қазақтың қабырғалы қаламгері Қадыр ақынды еске алу кеші өтпек.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің атына жолдаған хатымызда Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтай қос ақынға Алматыдан көше беруді сұраған едік. Бұл мәселе тиісті орындарда қаралды, бұйырса, Алматы қалалық мәслихатының алдағы бір сессияларында шешімін табады деген жауап алдық. Бұған қоса Алматы қаласының әкімдігі Қадекең тұрған үйге ескерткіш тақта орнатпақ ниетте.
Қордың тағы бір мақсаты Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына қатысты диссертациялар, рефераттар, курстық жұмыстар жазған авторларға, басқа да ғылыми-көпшілік шараларға қолдау көрсету болып табылады. Осы бағыттағы еңбектерге қаламақы мен шәкіртақы белгілеу ойымызда бар. Жалпы, «Қадыр Мырза Әлі қоры» басқа да ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауды, талантты жас ақын-жазушыларға, өнер адамдарына қолдау көрсетуді өз миссиясының құрамдас бір бөлігі санайды. Тағы бір бағыт, Қадыр ағаға қатысты теле-бейне түсірілімдер көшірмелерін жинастырудамыз. Шайырдың біраз өлеңі беларус тіліне тәржімалауға берілді.
Қазіргі заманда кітап оқуға көп адамның уақыт таппайтынын ескеріп, Қадырдың өлеңдерінің аудиожинағын шығаруды ойластырудамыз. Ол үшін көркемсөз оқушылардың интернет байқауын өткізу қажет.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 8 маусымда Орал қаласында біраз әдеби-мәдени шара жүзеге аспақ. Мәселен, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Қадырдан қалған асыл сөз» атты әдеби шара өтпек. Оған Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов секілді танымал қаламгерлерге қоса, ақынның жары Салтанат жеңгей қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Қадырдың өлең-жырына қоса, өздерінің абыз ақынға арнаған туындыларын оқитын жас ақындардың жыр кеші де ел-жұртты бей-жай қалдырмасы кәміл. Осы жыр кешінде өлеңдері өзгелерден озық көрінген жас ақындарға
Қадыр қорының ақшалай жүлделері табыс етіледі. Басқа шараларға қоса Қадыр ағамыздың әр жылдары туған өлкесіне келген сапарларынан сыр шертетін фотокөрме, ақын өлеңдеріне жазылған әндер жинағының тұсаукесері Жайық жұртының назарына ұсынылмақ.