Батыс Қазақстанда қандас мәртебесін алушылар қатары көбейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қандас мәртебесін алушылар қатары көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соған байланысты Орал қаласында №1 ХҚО бөлімінде қандастарға қызмет көрсететін арнайы терезе ашылды.

-Мұнда қандас бауырларымыз келіп, барлық құжаттары бойынша кеңес алып, құжаттарын тапсыра алады. Жыл басынан бері 215 адам ХҚО арқылы қандас мәртебесіне өтініш тапсырған, - дейді Нәдір Шамұратұлы.

Оның айтуынша, облыс бойынша мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алушылар қатары көбейіп келеді. Биылғы 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 674 857 мемлекеттік қызмет, соның ішінде 287 348 (42 пайыз) өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы көрсетілген. Бұл – мемқызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ, өздігінен eGov.kz порталы, egov mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіліп жатқан қызметтерді қоспағандағы көрсеткіш.

Аса сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер: электронды сандық қолтаңба беру, жеке куәліктер мен паспорттар, жүргізуші куәлігі, жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тіркеу.

«SMS арқылы рәсімдеуге болатын қызметтер саны артты. SMS-хабарлама арқылы 45 мемлекеттік қызметтің нәтижесі туралы хабарлайтын жаңа сервис іске қосылды. Енді клиенттерге қызметтің нәтижесін білу үшін ХҚО-ға екінші рет барудың қажеті жоқ. Клиентке сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді, ол арқылы дайын құжатты жүктеуге және қажет болған жағдайда оны басып шығаруға болады. Бұл жүйе клиенттердің уақытын едәуір үнемдейтіні сөзсіз. Тізімге енген мемлекеттік қызметтердің арасында бала тууы және оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, баланы мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, асыраушысынан айырылған жағдайдағы жәрдемақы тағайындау, еңбек мигранттары рұқсатын рәсімдеу немесе ұзарту және спорттық атақтар беру сынды мемлекеттік қызметтер бар. Шетел азаматтарына да SMS-хабарлама арқылы қызмет көрсетіледі», деді Н.Құрымбаев.


Соңғы жаңалықтар