Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 18 наурыздағы қаулысы шықты.

Жаңа қаулыға сәйкес барлық ойын-сауық нысандарының, соның ішінде кинотеатр, театрлардың қызметіне тыйым салынады.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80, жеке кәсіпкерліктегілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс жасауға көшеді.

Мектепке дейінгі балалар ұйымдарындағы кезекші топтардағы балдырғандар саны 15-тен аспауы тиіс.

Контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде әр сыныпта 15 балаға дейін дәстүрлі түрде оқытылады. Ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптарда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін 15 баладан кезекші сыныптарда білім алады. Ал оқу бітіретін сыныптарда (9, 11, 12 сыныптар) аптаның алты күні ішінде пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан оқытылады. Сондай-ақ мектеп әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 баладан аспайтын топтарда жеке оқытуға рұқсат беріледі.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 1 курс студенттері 2020-2021 оқу жылының II семестрінен бастап санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқытуға көшіріледі.

Азық-түлік және азық-түліктік емес ашық базарлар жексенбі күні жұмыс жасамайды. Ал азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, сондай-ақ сауда үйлері мен орталықтары сенбі және жексенбі күндері қызметтерін тоқтатады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да наурызда коронавирусқа қарсы 1200-ден астам адамның егілгенін , 15500 медицина қызметкеріне 3,6 млрд теңге үстемеақы төленгенін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар