Батыс Қазақстанда кәсіпкерлік негіздерін оқушылар қатары көбейіп отыр

None
None
ОРАЛ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы халықаралық бизнес орталығы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында облыс тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасын аяқтап шықты.

Жыл басында барлық аудандық жұмыспен қамту орталықтары өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды, кәсіпкерлікке белсенді халықты, өз ісін жаңадан бастаушыларды және жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді оқытуға тапсырыстар берген болатын. Сөйтіп,  барлығы 1562 адам оқуға ниет білдірді. Облыстық  кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бекіткен жоспарлы кестесіне сай 4-23 маусым күндері аралығында оқыту семинарлары өткізілді. Ондағы басты мақсат - облыс тұрғындарын өз бизнесін бастап, жаңа жұмыс орындарын құруға тарту, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін  кәсіпкерлік негіздеріне оқыту.

Жобаның үйлестірушісі Римма Сатқанованың айтуынша, оқу бағдарламасына компанияны, несие серіктестіктерін құру, тіркеу, шағын несиелерді алу үшін өткізілетін конкурстарға құжаттар дайындау, есептілік және салық заңдылықтары, бизнес жоспар жасау, ауыл шаруашылғының өнімдерін өндіру технологиялары сықылды мәселелер төңірегіндегі заңгерлік, экономикалық сұрақтар қамтылған. Облыс аудандарындағы оқуларды арнайы курстарда алдын ала дайындықтан өткен, жұмыс тәжірибесі бар 4 адамнан тұратын 6 бизнес-жаттықтырушы тобы жүргізді. Сонымен қатар тыңдаушыларға көмекке әдістемелік материалдар, ақпараттық стендтер, үлестірме және көрнекі слайдтар, бизнес-жоспар жобалары дайындалып, таратылды.  «Оқуларға 1562 адам қатысады деп күтілгенімен, іс жүзінде 1709 тыңдаушы қатысып оқып, сертификат алды. Оның ішіндегі 888 адам оқуға келген жолының өтемақысын алды», - деді Римма Сатқанова.

Жобаны жүзеге асыру барысында БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы мен халықаралық бизнес орталығының аудандық өкілдерінің облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтың қатысуымен «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламаларын аудандарда тиімді орындау мәселелері бойынша кездесу өткені мәлім. Сонда аудандардағы   қауымдастық  өкілдері барлық ауданда тұрақты қызмет атқаратын кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарын құру қажеттігін, оқыту семинарларын жылдың бірінші тоқсанына ауыстыруды ұсынды. Бұл мәселе аталмыш жиында тағы да көтерілді. «БҚО кәсіпкерлері қауымдастығы» ЗТБ-ның атқарушы директоры Әнес Ізтілеуов:  - Ауылдағы кәсіпкерлерді қолдау орталығы бизнес пен билік арасындағы қарым-қатынасты үйлестіріп, қауымдастық орталығымен байланыстырып, ауданның кез келген тұрғыны бизнесте өз әлеуетін жүзеге асыратын болса, осы орталықтарға келіп еркін кеңес алып, бағыт-бағдар сұрауына мүмкіндік бермек. Мұндай көмек тегін, күнделікті көрсетілетін болады, - деді. Ресейдегі көршілес Ульянов облысында осындай жинақталған тәжірибе бар. Қоғамдық ұйым әр ауданда кәсіпкерлерді қолдайтын орталық ашқан. Ондағылар осы орталықтарда бизнеске оқып, мамандардан тегін кеңес алады. Қаражат та беріледі. Өмірдің өз көрсетіп отырғанындай, жыл санап бизнеске оқығысы келетіндер қатары өсіп отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Галина Варфоломееваның айтуынша, жобаны орындаушылар өздеріне жүктелген тапсырманы табысты орындады. Өйткені арнайы оқудан өткен білікті  мамандары бар. Аудандарда да түрлі саладағы тәжірибелі маман тобы тартылған.

Соңғы жаңалықтар