13:48, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда қасқырлар адамға да шаба бастады
ОРАЛ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қасқырлар адамға да шаба бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осындай оқиға Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылынан оншақты шақырым жерде «Жібек жолы» шаруа қожалығына қарасты «Үшоба» аталатын егіс бригадасы қосында орын алды. Қосты күзетіп қалған Бақытжан Молданиязовтың отбасы қасқырмен бетпе-бет келді. Күндіз сыртта шанамен сырғанақ теуіп жүрген төрт жасар баласын қарамақшы болып әкесі далаға шықса, баланы сүйретіп бара жатқан қасқырды көріп, айқайлап араша түседі. Абырой болғанда қасқыр ересек адамнан қаймығып, баланы тастап кеткен. Баланың жарақаты қауіпті емес, емделіп шыққан.
Биылғы қар жұқа болғандықтан, қасқыр аулау аңшыларға оңай тимей тұр. Әзірге топталып жүрген ит-құс азаяр емес.