Батыс Қазақстанда қайырымдылық айлығы өтуде

Кеше Қарттар күніне орай көптеген ұйымдар мен мекемелерде ардагерлерге құрмет көрсетілді. «Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясы» АҚ өндіріс ардагерлеріне 3 мың теңгеден материалдық жәрдем берді. Ал облыстық кардиологиялық орталықта зейнеткерлер мен осы жасқа таяп қалғандар үшін салтанатты кеш ұйымдастырылды. Әрбір сала ардагерінің ортақ іске қосқан үлесі атап өтілді. Бір тобына облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамотасы мен алғысхаттары табыс етілді. Ақшалай сыйлықтар беріліп, дастархан жайылды.
Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында елу ардагерге тарту-таралғы тапсырылды. Олардың арасында еңбек етіп жүргендері де бар. Айталық, белгілі эндокринолог Ефим Мирский жасы келсе де, қажырлы жұмыс жасауда.
Өңірде қайырымдылық шаралары ай бойы жалғасады. Бұдан жеке мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер де тыс қалмақ емес.