Батыс Қазақстанда киіктен 1 мыңнан астам шаруашылыққа залал келді

Бауыржан Қанатұлының айтуынша, киіктен облыстың алты ауданы зардап шегіп отыр.
Соның ішінде Жәнібек ауданына киіктер төлдеу үшін келеді.
Оның сөзіне қарағанда, Кеңес дәуірінде облыс аумағында киіктің саны 300 мыңдай болса, қазір 2 млн басқа жетті деуге болады.
«Өзім агробизнеспен айналысамын. Биыл Жәнібек ауданында 350 гектар жерге судан шөбін егіп едім. Соның 250 гектарын киік отап, тапап кетті. Электр бақташымен қоршадық, еш пайдасы болмады. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мобильді тобының көмегімен қуып та көрдік. Киік көк шөпке бір ауыз тисе, кетпейді екен. Ақыры соның кесірінен 18 млн теңге зиянға қалдым. Облыс бойынша барлығы мыңнан астам шаруашылықтарға 7,9 млрд теңге залал келтірілген. Енді соған Үкімет тарапынан өтемақы төленсе дейміз. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарына мал азығын дайындау мұң болып отыр. Алда қоян қысы келе жатыр. Шаруалар малынан айырылса, несиесін төлей алмай қалады. Өйткені сол малды өсіру үшін несие алды», - дейді кәсіпкер.
Б.Сабановтың пайымдауынша, Астанада өткен жиналыста халықаралық сарапшылардың өздері киік санын реттеуге байланысты ұсынысын білдірді.
Бүкіл әлемде сондай тәжірибе бар. Мысалы, Аустралияда кенгуруды, Мексикада жабайы жылқы – мустангты сондай жолмен азайтып отырады.
«Сол себепті Үкімет киік санын реттеуге қатысты нақты іс-шараларды жүзеге асыруы керек. Егер ақбөкендер көбейіп кетсе, одан малға ауру да жұғуы мүмкін. Киік – елдің байлығы. Қазір Ресейге де ауып кетіп жатыр. Сондықтан киіктің еті мен терісін де, мүйізі мен сүйегін де тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыруымыз керек», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Сабанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның оңтүстік аудандарында мал азығын дайындауға байланысты қиындықтар туындап отырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ шаруа қожалығының басшысы киіктен қорғау үшін егістік жерлерді қоршау керектігін айтты.
Диқандардың айтуынша, киіктің көбеюі егістікті ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік бермейді.