Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны өсті

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық вирусологиялық зертханаға жіберілген 22 сынаманың 18-інен немесе 81,2 пайызынан «Дельта» штамы табылды.
Бұл штамның ерекшелігі, өте тез тарайды, инкубациялық кезеңі бұрын 14 күн болса, қазір жеті күн ішінде таралып үлгереді. Егер бұрын науқас 3-4 адамға жұқтырса, «Дельта» штамы барлар 5-6 адамға таратады. Ауру да ауыр өтеді.
Соңғы аптада (25 маусым – 1 шілде) алдыңғымен (18-24 маусым) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 38,2 пайызға өсіп кетіп отыр.
Соңғы тәуліктің өзінде облыста 143 адамның індет жұқтырғаны анықталды.
Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, 1 маусымнан бері 2568 науқас тіркелсе, соның 46 пайызы (1180) Орал қаласы, 18 пайызы (460) Бәйтерек, 13 пайызы (326) Бөрлі және 6 пайызы (151) Тасқала ауданының үлесіне тиеді.
Соның ішінде 14 жасқа дейінгілер – 302, 15-17-дегілер – 104, 18-25-тегілер – 190, 26-40-тағылар – 703, 41-60-тағылар – 778, 60-тан жоғарылар – 491. Көбі – 41-60 жас аралығындағы науқастар.
Өңірде 1 маусымнан бері мемлекеттік шекарадан өткен 38581 адамның 14366-сы – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 763 жолаушының екеуінен ковид табылды. Сондай-ақ халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 14557 жүргізушінің 2189-ында анықтама болған жоқ. Бұлардың алтауынан індет анықталды.
«Соңғы аптада мониторинг топтары 121 рейд жүргізіп, 573 нысанды қамтыды. 13 нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды. 11 хаттама толтырылып, 997 195 теңге айыппұл салынды. Нысандар жұмысын уақытша шектеу үшін экономикалық сотқа 2 материал дайындалуда. Облыста эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Сондықтан тұрғындарға санитарлық талаптарды толық сақтау керектігін еске саламыз», деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда екпе алғандар саны 97 мыңға жуықтағанын жазған едік.