Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 46 пайызға төмендеді

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде пандемия басталғаннан бері 39 971, биыл 30 750 адам вирус жұқтырды.
Жыл басынан бері ауырған 3030 баланың 3018-і жазылып шықты, 12-сі емделіп жатыр.
Оқу жылы басталған 1 қыркүйектен бері 907 оқушыдан коронавирус анықталды. Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарында 2 мектепте 2 сынып карантинге жабылған.
Күні бүгін 286 адам амбулаторлық, 70 науқас стационарлық ем қабылдауда. Соның 10-ы жансақтау бөлімшесінде. Науқастардың екеуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, бесеуі инвазивті емес осындай құрылғыға, бесеуі оттегі концентраторына қосылған.
Жыл басынан бері 677, желтоқсанда 8, соңғы аптада 3 адам коронавирустан көз жұмды.
Басқарма мәліметіне қарағанда, облыс бойынша 252 956 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 61 пайызы) вакцинаның бірінші, 238 606-сы (57,6 пайызы) екінші компонентімен егілді.
Сондай-ақ 6922 адам ревакцинациядан өтті. 4106 адам Pfizer компаниясының вакцинасын алса, соның 2405-і – жасөспірімдер, 116-сы – жүкті, 1585-і – сәби емізетін әйелдер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 3800-ден астам адамның ревакцинациядан өткенін жазған болатынбыз.