11:40, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Батыс Қазақстанда қозы етін өңдеу комбинаты салынуда
ОРАЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылы маңында қозы етін өңдеу комбинаты салынуда.

«Батыс Марка Ламб» ЖШС-ның 2,3 млрд. теңгеге бағаланған аталмыш жобасын «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырады. Тәулігіне 4-9 айлық 1400 қозыны сойып, етін өңдейтін, қазіргі заманғы кешен 4 гектар жерді алып жатыр. Мұндай жоба Қазақстанда әзірге біреу ғана. Мұнда тек Батыс Қазақстан ғана емес, өзге өңірлерден де тапсырыстар ала алады. Алынған өнім Қазақстанға, одан тысқары жерлерге де шығарылатын болады. Қазіргі кезде құрылыс аумағын қоршау жұмыстары жүргізіліп, негізгі блоктың табаны бекітілуде. Сонымен қатар өндірістік қалдық төгілетін орын әзірленуде. Құрылыс инженері Сайран Тұрмұханбетовтің сөзіне қарағанда, мұнда жұмыс жасап жатқан 42 адамның 36-сы - жергілікті тұрғындар. Олар Чапаевтан автобуспен барып-келіп жұмыс жасайды. Болашақта 25 мың қозыны бордақылайтын орын салу да көзделуде. 2014 жылдың тамыз айына қарай құрылысы аяқталуы тиіс зауыт іске қосылғанда, 283 адам жұмыс жасамақ. Ет комбинаты итальяндық «Ровани» компаниясының мал союға арналған қазіргі заманғы кешенінің технологиясы бойынша қозы етін толық және қалдықсыз өңдемек. Жабдықтың өзгешелігі сол, етті сүйектен, одан кейін ұсақ шеміршектер мен сіңірлерден сылып алады. Қалдықсыз өндіріс қағидасымен ет өнімдерін өндірумен қатар, ет қалдықтарынан ет-сүйек ұнтағын, техникалық май, сонымен қатар кейін өнеркәсіптік өндірісте пайдалану үшін тері шығару жоспарланған. Сонымен бірге аталмыш кешенге жылқы етін өндіретін екінші желіні жеткізу мүмкіндігі көзделген. Қосымша цехтар малдың ішек-қарындарын қайта өңдеп, кейін оларды шұжық өндірісінде, сондай-ақ жұмсақ алюминий орамадағы паштеттер және тағы да басқа өнімдерді өндіруде қолданбақ. Итальян жабдығының арқасында жаңа кәсіпорында малдың сойылуы толығымен Еуропаның санитарлық нормаларына сәйкес келетін болады. «Ровани» компаниясының бас директоры Одера Рованидің айтуынша, мал союдың еуропалық талаптары сақталған жағдайда, шетелдіктер вакуумдық орамадағы қозы етін қазіргі күнгі халықаралық бағамен сатып алмақ.