Батыс Қазақстанда құлпытастар зерттелуде

Онда Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандары аумағында сақталған ХVІІІ-ХХ ғасыр ескерткіштері - араб қарпімен жазылған көне құлпытастардың мәтіні аударылып, оқырмандар назарына алғаш рет ұсынылған. Барлығы елу құлпытасты қамтыған кітапта Тайлақ батыр, Дәуқара батыр Қарақожаұлы, Науша батыр Қаржауұлы, Сатыбалды Кенжеғараұлы, Есенгелді тархан Жанмырзаұлы, Бабатай би сынды тарихи тұлғалардың өмірдеректері, ата-тегі тұңғыш рет жарияланып отыр. Жинақтың алғысөзін тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлы жазса, құлпытас мәтіндерін араб әліпбиінен журналист Қазбек Құттымұратұлы аударды.
Жоба авторы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Басқосу барысында Қазақстанда, сондай-ақ көршілес Ресей өңірлерінде жатқан құлпытастарды бүкіл ел көлемінде зерттеу, жарыққа шығару, бұл ретте әулие, қазірет-ишандарды да ұмыт қалдырмау туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.
«Қазақстанның киелі орындары» жобасымен Ақ Жайыққа арнайы келген Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүмінов аталмыш еңбекті әлемдік ғылымға қосылған үлес деп баға берді.
Айта кетейік, құрамында Ә.Мүміновке қоса тарих ғылымдарының кандидаттары Айтжан Нұрманова, Дина Медерова бар аталмыш институт мамандары Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде Оралдағы Жайық қалашығында, тарихи Бөкей ордасында, Атырау облысындағы Сарайшықта он күндей болып, көне орындарды зерттемек.