Батыс Қазақстанда құлпытастарды зерттеу жұмыстары жалғасуда (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарымен бірге Мәулімберді, Қарақоға қорымдарындағы құлпытастар зерттелуде.
None
None

Бұл жұмыс өңірдің эпиграфиялық ескерткіштерін зерттеу мақсатында 2015-2017 жылдар аралығын қамтитын «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы» атты ғылыми жоба аясында қолға алынып отыр. Зерттеуші топ мүшелері қата­рында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының мамандары - бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов пен ғылыми қызметкер, арабтанушы Бағдат Дүйсеновпен бірге Батыс Қазақстан облысынан аталмыш жоба бойынша ғылыми қызметкерлер, да­лалық экспедициялардың ұйым­дастырушысы Жантас Сафуллин, тарих ғы­лымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, «Dana.kaz» тарихи-танымдық жур­налының бас редакторы, танымал журналист Қазбек Құттымұратұлы, өлкетану­шы Айболат Құрымбаев бар.

Оншақты күнге созылатын далалық экспедиция барысында бірқатар тарихи тұлғалардың құлпытаста­рындағы араб қарпімен жазылған мәтіндер оқылды. Мысалы, Қызылжар ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырымдай қашықтықта орна­ласқан Қарақоға қорымынан Сәң­­кібай Түменбайұлының, оның бәй­бішесінің, сондай-ақ ел басқарған ұлы Өтебай Сәңкібай баласының, сол әулеттің өзге де туыс­тарының құлпытастары табылды. Ким Ахметов құрастырған шежі­релік деректе Сәңкібай Түмен­бай­ұлы - Бөкей сұлтанның қолбасы, Қалқаман Тананың батыры деп көрсетіледі. Тарихшы-ғалым Жәнібек Исмурзиннің айтуынша, Өтебай Сәңкібайұлы ресми ел басқарушылық қызметке аты аңызға айналған атақты бай Есенгелді Жанмырзаұлының ор­ны­на тағайындалған. Ол туралы мұ­рағаттық құжаттар мол. Өтебай Сәңкібайұлының көрнекті құлпы­тасындағы араб қарпімен жазыл­ған мәтінде «Тана руының Қал­қаман тайфасы старшыны Өтебай Сәңкібайұғлы офат 71 жасында 1861 жылда бұны қойды ұлы Жал­мұханбет мырза» делінген. Құл­пытас бетінің жоғары жағында, яғни мәтін басында қазақ тіліндегі мағынасы «Өлім - кесе, әркім одан ішеді, қабір - қақпа, әркім одан кі­реді» дегенге саятын арабша жазу бар. Құлпытастың қабір бетіне де бірнеше жол бәйіт жазылған.

Қазіргі кезде құлпытастарды суретке түсіріп, өлшемдерін алып, карта жасау, араб әліпбиінен кириллицаға аудару ісі атқарылуда.

Жоба қорытындысына сәйкес Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері бойынша үш тілде ғылыми жинақ шығарылмақ.

Сонымен қатар Бөрлі ауданы Бөрлі ауылының аумағында кезінде МТС-тың құрылысына пайдаланылған 70-ке тарта құлпытас шығарылды. Бұлардың кейбіреулері тұтастай алынса, көпшілігі бөлініп қалған екен, қайсыбіреулерінің арабша жазулары анық көрінеді.

Мұндай жұмыстар басқа аудандарда да жүргізілуде

Өңірдегі көне құлпытастарды зерттеуге ұйытқы болып жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, өткен жылдан бері біраз іс тындырылды. Көптеген тарихи тұлғалардың, соның ішінде хан, батырлардың, билердің құлпытастары табылып, олардың қайда және қашан жерленгені белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар