Батыс Қазақстанда күшті жел ғимараттардың шатырын жұлып әкетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында күшті жел ғимараттардың шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 29 маусым күні кешкісін Жаңақала және Казталов аудандарында болды.
Екпіні секундына 19 метрге дейін жеткен желдің салдарынан сағат 20.50-де Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында алаңы 215 шаршы метр қос қабатты музей ғимаратының шатыры сыпырылып түсті. Ғимарат 1982 жылы салынған. 2015 жылы соңғы жөндеу жасалған.
Сондай-ақ Казталов ауданы Талдыапан ауылында 2 қабатты мектеп ғимаратының шатыры (алаңы 600 шаршы метр) құлады. 1982 жылы салынған мектептің жалпы ауданы – 3150 шаршы метр. Соңғы жөндеу 2010 жылы жүргізілген.


Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде келтірілген шығын анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі көлік соқтығысып, 2 адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.