Батыс Қазақстанда қырылған киік саны 12 мыңға жетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, топырақ пен шөптен алынған сынамалар қорытындысында радиактивті заттардың, ауыр металл тұздарының шамадан тыс артуы байқалмаған. Радиациялық фон да мөлшерден аспаған. Облыстық ветеринариялық-бактериологиялық зертханасымен қатар бір мезгілде Орал обаға қарсы күрес стансысының бактериологиялық зертханасы сынамаларға зерттеу жүргізген болатын. Өлген киіктердің іш құрылысынан пастереллез ауруының қоздырғыштары анықталды. Бұл аурудың адамдарға жұғу фактісі тіркелген жоқ.
Киіктер мамырдың 18-20-сында жаппай қырылған. Одан кейін ешқандай жаңа факті тіркелмеген. Алғашқы күндері өлген киік саны 1200, одан соң 3271 делінген болатын. Алайда, елу шақырымдай аймақты толықтай шолып шыққанда олардың 12 мың бас екені белгілі болып отыр.
Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешевтің сөзіне қарағанда, киіктің тек аналығы мен жаңа туған құралайлары қырылуының себебі - Борсы маңына аналықтары лақтау үшін тұрақтаған. Ондай кезде аталықтар аулаққа кетеді. Киік үйірі толық лақтап болғанда ғана аталықтар қайта қосылады. Өлген киіктердің шамамен үш-төрт мыңы жаңа туған құралай да, елу шақтысы жас теке. Бұлар аналық үйірлерде күзетке қалғандары болуы керек. Үйірдің шамамен екі-үш мыңдайы лақтап үлгірген де, қалғандары оған жетпей қалған. Қазір аталық үйірлердің аналықтары қалған жерге қайтып оралатын уақыты жетті. Сондықтан бұл аймақ қатаң бақылануда.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай 1984 жылы тіркеліпті. Онда да киіктер осы аумақтарда ажал тұзағына ілінген көрінеді.