Батыс Қазақстанда М.Мәметованы еске алуға арналған шара өткізілді

Биыл Мәншүктің қаһармандық ерлікпен қаза тапқанына 70 жыл толып отыр. Аудан әкімі Мұрат Мұқаев пен М.Мәметованың жиен сіңлісі Асылғаным Хамиева ескерткішке гүл шоғын қойған соң, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан аға ұрпақ рухына бас иіп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Мәдениет үйіне жиналған көрермендер назарына ерлігімен ел жадында қалған М.Мәметованың өшпес рухына арнап тележурналист Мұнайдар Балмолда түсірген «Шығыс шолпаны» деректі фильмі ұсынылды. Ұлы Отан соғысында өшпес ерлік көрсеткен өжет қыздың қаһарман бейнесі арқау болған фильмде Мәншүктің әкесі, Алаш қайраткері, ақын-журналист, жоғары білімді дәрігер Ахмет Мәметовтің 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған қазақ жастарын өнер-білімге шақырған, рух-намысын қайрайтын өлеңдерінің түпнұсқасы берілді. Нар көтерер ауыр жүкті иығына артқан талдырмаш қыз Алаш қайраткерлерімен қанаттас жүргені үшін әкесіне жазықсыз жабылған жаланы қан майданда ерлікпен жууды мақсат тұтты. Фильм тың деректерінің әр алуандығымен қыршын ғұмырдың өршіл бейнесін жан-жақты аша білген.
Батыр қыз аруағына тағзым ретінде қазақтың белгілі ақындарының өлеңдері оқылды, естелік-әңгімелер айтылды. Жергілікті өнерпаздар сахналаған Мәншүк туралы қойылым көрермен көңілінен шықты.