Батыс Қазақстанда мәслихат депутаттарының тұрғындар алдында есеп беруі жалғасуда

ОРАЛ. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттары тұрғындар алдында есеп беріп, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылауда.
None
None

Орал қалалық мәслихатының хатшысы Абат Шыныбеков облыс орталығындағы №6 сайлау округі тұрғындарымен кездесті. Мәслихат депутаты өзінің есепті баяндамасында, алдымен қалалық мәслихаттың негізгі қызметіне және жұмысты ұйымдастыру үрдісіне жан-жақты тоқталды. Жиында мәлім болғанындай, халық қалаулысының сайлауалды бағдарламасы бойынша осы уақытқа дейін бірқатар шаралар сәтті жүзеге асқан. Атап айтқанда, ескі әуежай ауданындағы көшелерде жолды жаңарту жұмыстары аяқталды. «Жұлдыз» шағынауданының автобус аялдамасына қосымша қоқыс жәшіктері қойылды, көктемгі сенбіліктер кезінде округта орналасқан ЖПИК, мектеп ұжымдарымен бірлесе тазалық жұмыстары атқарылып, Тәуелсіздік, Алаш көшелерінде, №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясы ауласында теректер егілді. Ал, округтің тұрғындары үшін ең қуаныштысы - «Астана» шағынауданында балалар спорт алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, қаланың жаңадан қабылданған стратегиясына сай аталмыш округ бойынша 25 көшені жаңғырту және 13 көшені жарықтандыру туралы ұсыныс енгізілген.

Ал сайлаушылардың көтерген ұсыныстары мен талап-тілектері барысында бірқатар өзекті мәселелердің басы ашылды. Бір ерекшелігі - тұрғындардың өтініштері жеке бастың мүддесінен гөрі жалпы қоғам игілігіне қажетті тақырыптарды қамтыды. Жалпыға ортақ материалдық игіліктермен қатар рухани құндылықтар туралы да баса айтылды. Сонымен қатар тұрғындар осыған дейін де талай айтылып, әбден жауыр болған ЖПИК, лифт мәселесін көтерді. Сондай-ақ зейнеткерлер үшін қоғамдық көліктердегі жолақы мәселесінде жеңілдік қарастырылса деген тілектерін жеткізді. Бұл орайда көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарындағы үлгі боларлық жайттар сөз етілді. Депутат ЖПИК-ке қатысты туындаған түйткілдерді жою үшін сол бағыттағы жалпы жиналыстарға өзі де қатысып, мәселенің шешілуіне тікелей ықпал ететінін жеткізді.

Жиын барысында сайлаушылар депутаттың тікелей әсер етуі нәтижесінде оң шешімін тапқан жағдайларды айтып, алғыс білдірді.

Тұрғындармен тікелей байланыстың бір жолы - қоғамдық қабылдау. Бұл ретте «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында облыстық мәслихаттың депутаты, «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Вячеслав Дружинин қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауда болған тұрғындардың дені әр түрлі жастағы жұмыссыздар. Олардың ішінде депутаттың «Жайықмұнай» ЖШС-да бас директорлық қызмет атқаратынын алға тартып, дәл сол мекемеге жұмысқа алуды өтінгендері де болды. Халық қалаулысы тұрғындардың өтінішіне барынша түсіністікпен қарап, барлық ұсынысты жерге тастамауға тырысатынын жеткізді.

Ал «Память» қоғамдық қорының мүшелері Оралдағы мұсылман, христиан зираттарын ретке келтіру, онда жерленген марқұмдардың дерегі жазылған арнайы кітап шығару жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетуді сұрап келді. Депутат мұндай сауапты іске көмек қолын созуға уәде берді.

Халық қалаулысы осы күнге дейін сайлауалды міндеттемелері бойынша Зеленов ауданындағы Спартак ауылынан Рожковқа дейінгі құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын жол жөндеу жұмысын аяқтаған. Сондай-ақ Рожков ауылына гидроқұрылым тұрғызып үлгерген. Енді Зеленов ауданының балалары үшін жазғы демалыс лагерін салуға кіріспек.

Соңғы жаңалықтар