Батыс Қазақстанда прокуратура органдарына шағымданушылар көбейіп отыр

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, прокуратура органдарына түскен өтініштер саны 10,4%-ға (1448-ден 1598-ге), қаралғандары 5,4%-ға (1193-тен 1258-ге), соның ішінде тікелей прокурорлармен шешім қабылданған өтініштер 6,1%-ға (888-ден 942-ге) өскен. Мұның себептерінің бірі "ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР Заңының қабылдануы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекетін (әрекетсіздігін) даулау болып табылады.
Қайта жасалған өтініштердің саны да (11-ден 23-ке) көбейген, олардың ішінде қанағаттандырылған өтініштер жоқ, себебі арыз иелеріне нақты жауаптар беріліп, бұрынғы өтініштер бойынша түсіндірмелер берілді.
Азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруде прокурорлармен 34 прокурорлық қадағалау актісі, соның ішінде 7 ұйғарым, 10 наразылық, 17 ұсыныс енгізіліп, қарау нәтижесінде 19 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, 6 қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп 32 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды.
Өтініштердің басым көпшілігі қылмыстық іс қозғаудан негізсіз бас тарту, құқық қорғау органдарының заңға қайшы әрекеттері мен шешімдеріне, қылмыстық жауапкершілікке тартумен келіспеу, рақымшылық актісін қолдану мәселелері бойынша келіп түсуде.