Батыс Қазақстанда республикалық бюджет есебінен құйылған инвестиция көлемі 1,8 есеге өсті

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, осы қаржыға Оралда 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық емхана, Зеленов ауданы Переметный ауылында 120 төсектік аудандық аурухана, Теректі ауданы Ақжайық ауылында 100 төсектік аудандық аурухана, Ақжайық ауданы Чапаев ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, Қаратөбе ауданы орталығында 100 орындық интернатымен 300 орындық орта мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жәнібек ауданы Тау ауылында су құбыры құрылысы аяқталды.
Орал қаласында таяуда 150 төсектік онкодиспансер іске қосылатын болса, Тасқала ауданы орталығында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп, Қазталов ауданы орталығында 280 орындық, Оралда 320 орындық балабақша, басқа да нысандар құрылысы жалғасуда. «Жол картасына» сәйкес Орал қаласының бірқатар көшелеріне қатқыл табанды жол төселіп, кәріз, су, жылу жүйелері ретке келтірілді.