Батыс Қазақстанда Сенат депутатын сайлауға 185 таңдаушы қатыспақшы

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Сенат депутатын сайлауға 185 таңдаушы қатыспақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім еткендей, сайлауға қатысатын облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының тізімі жергілікті басылымда жарияланды.

Сенат депутатын сайлау 14 қаңтар күні облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өтпекші.

Комиссия төрағасының айтуынша, Батыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үш кандидат тіркелді.

«Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ директоры Айболат Құрымбаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов және БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов үміткер ретінде тіркеліп отыр. Олардың бәрі де – Орал қаласының тұрғындары. Қазіргі кезде кандидаттар депутаттармен кездесіп, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Ғ.Қапақов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БАҚ саласындағы еңбек өтілі 100 жылдан асатын отбасы сайлауға қатысқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар