Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирустан 18 адам көз жұмды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада (7-14 қыркүйек) 18 адам коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде індеттен барлығы 714 адам өмірден өтті.

Пандемия басталғаннан бері тіркелген 36 231 науқастың 28 357-сі жазылып шықты.

Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткіші 11,6 пайызға (80 адамға) азайды.

Жыл басынан бері 27 010 адамнан коронавирус табылса, соның 2326-сы балалар болып отыр. Қазіргі таңда балалардың 2226-сы жазылып шығып, 100-і әзірге сауыға қойған жоқ.

Басқарма мәліметіне қарағанда, күні бүгін 1208 науқас амбулаторлық ем алуда.

Облыс бойынша 1063 төсектік 19 инфекциялық стационарда 446 адам жатыр. Соның ішінде қаладағы 615 төсектік 7 стационарда 358 науқас емделуде. 96 төсектік жансақтау бөлімшесінде жатқан 40 науқастың 36-сының жағдайы ауыр.

Өңірде 212 325 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 58,9 пайызы) вакцинаның бірінші, 180 678-і (50,1 пайыз) екінші компонентін қабылдады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда індетке қарсы вакцина салдырғандар саны 211 мыңнан асқанын, жыл басынан бері 2300-ден астам баланың коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар