Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 300-ден астам адам коронавирус жұқтырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 304 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, соның 170-інде ауру белгілері байқалса, 134-інің симптомы болмады.

Ауырғандардың 144-і ЖРВИ белгілері бойынша медициналық көмекке жүгінген кезде анықталса, 106-сы – науқастармен байланыста болғандар. Оған қоса 44 адамнан профилактикалық мақсатта тексерілгенде, 10-ынан стационарға жатқызылар алдында белгілі болған.

Індет жұқтырғандардың басым бөлігі немесе 238-і Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында төрт күнде 28, Бәйтеректе 22 адамнан індет табылды.

Қазіргі кезде «қызыл» аймаққта тұрған облыста осы кезге дейін барлығы 14549 адам жұқпалы дерттің тырнағына іліксе, соның 11869-ы жазылып шықты. 230-ы өмірден өтті.

Эпидемиолог мамандардың сөзіне қарағанда, ауырғандардың саны мейрам күндері күрт көбейген. Бұл жасырын түрде той, садақа секілді көпшілік іс-шара жасаушылардың тыйылмай отырғанын көрсетеді.

Еске сала кетейік, БҚО-да коронавирус жұқтырғандар ауруханаға ауыр халде түсіп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар