Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 435 адам коронавирус жұқтырды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 435 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, соның 269-ында ауру белгілері болса, 166-сы – симптомы жоқтар.
Ауырғандардың 238-і ЖРВИ белгілері бойынша тексерілсе, 61-і бұрын індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. 134-інен профилактикалық мақсатта, екеуінен эпидемиологиялық қадағалау бойынша сынама алынған.
Бұлардың 130-ы Орал қаласында, 62-сі Бөрлі, 60-ы Бәйтерек ауданында тіркелген.
Департамент мәліметіне қарағанда, індет басталғаннан бері 34 422 науқас анықталса, соның 26 397-сі жазылып шықты. 656-сы өмірден озды.
Сырқаттанғандардың 17 633-і Орал қаласы, 4553-і Бәйтерек, 4206-сы Бөрлі,1539-ы Теректі, 1213-і Ақжайық ауданының үлесіне тиеді.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда педагогтардың 95,1 пайызы екпе салдырған.