Батыс Қазақстанда спорт саласының үздіктері марапатталды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Салтанат сарайында спортшылар балы ұйымдастырылып, онда 2015 жылдың қорытындылары жария етілді.
None
None

Мерекеге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, биыл спорт саласы үшін де жыл табысты болды. Соның ішінде Батыс Қазақстаннан үш бірдей спортшы алдағы жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін олимпиадалық ойындарға жолдама алды. Атап айтқанда, жеңіл атлет Георгий Шейко және ескекшілер Андрей Ергучев пен Алексей Дергунов аталмыш дүниежүзілік додада ел намысын қорғайды. Алда да лицензиялық жарыстар бар екенін ескерсек, олардың қатары көбейе түсетініне сенуге болады. Өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес қалың бұқараның спортпен айналысуы үшін барынша жағдай жасалуда. Биылдың өзінде Орал қаласы мен Сырым және Қаратөбе аудандары орталықтарында дене шынықтыру-спорт кешендері іске қосылды. Қала мен аудан-ауылдарда спорт мектептері күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Қазіргі кезде облыс тұрғындарының 25 пайызы спортпен тұрақты шұғылданып келеді.

Шараға құрметті мейман ретінде қатысқан олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко өз сөзінде олимпиадалық ойындарда олжа салатындай мүмкіндіктері бар спортшыларды даярлау керектігіне баса назар аударды.

Әскери самбодан биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өткен жылы қоян-қолтық ұрыстан дүниежүзілік додада қола медальды иеленген Темірлан Ихсанғалиев «Жылдың үздік спортшысы» атанса, ескекшілер А.Ергучев пен А.Дергуновты баптап келе жатқан байдарка мен каноэдан 1986 жылғы әлем чемпионы Александр Акунишников «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атағын иеленді. Биыл футболдан ел чемпионатының премьер-лигасына жолдама алған Оралдың «Ақжайығы» «Үздік команда» аталымын еншіледі. Сонымен қатар спорт саласының ардагерлері мен озық қызметкерлері, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері облыс әкімінің алғысхаты және басқа марапаттарға ие болды. Үстел теннисі мен волейболдан республикалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев «Спортшы - мемлекеттік қызметші» аталымымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар