Батыс Қазақстанда су тасқынына байланысты бірінші кезектегі шараларға 31 млн. теңге қарастырылды

ОРАЛ. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында республикалық гидрометеорологиялық қызмет мәліметтеріне қарағанда, ақпан, наурыз айларында жауын-шашын қалыпты және нормадан артық түсуі ықтимал.
None
None

Облыс әкімдігінен хабарлағанындай, Ресейдің шекаралас облыстарында жауын-шашын молырақ болады деп күтілуде. Бұл мәселе наурыз айында нақтыланатын болады.

Қазіргі кезде су тасқынының алдын алу бағытында облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар жұмыстануда.

Көктемгі су тасқынына байланысты бірінші кезектегі шараларға 31 млн. теңге қарастырылды.

Өңір қажетті материалдық және техникалық ресурстармен қамтамасыз етілді: 165 тонна жанар-жағар май, 60 мың қап, 335 текше метр пұт тастар, 1 мың тонна инертті материалдар әзірленді. Төрт жарғыштар бригадасын, қажеттілігіне қарай тікұшақты тарту жоспарланып отыр. Барлығы 29 гидрологиялық бекет жұмыс жасамақ. Шұғыл жағдайда тұрғындарды эвакуациялау бағыттары анықталды. Облыстық және аудандық жедел әрекет ету жасақтары дайындыққа келтірілді.

Облыс аумағында 44 түрлі су қоймасы мен гидротехникалық құрылым бар. Соның ішінде төрт иесіз су қоймасын коммуналдық меншікке алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы бөгеттерді бекіту, су өткізетін арналарды реттеу жұмыстарына 309,4 млн. теңге жұмсалды.

Соңғы жаңалықтар