Батыс Қазақстанда су тасқынына байланысты жағдай толық бақылауда

ОРАЛ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай толық бақылауда ұсталып отыр.
None
None

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, күні бүгін 1305 үй, 7146 саяжай құрылысы, 13 мектеп пен балабақша, 8 денсаулық мекемесі, 5 мәдениет ошағы суға кеткен. 34,8 шақырым электр желісі, 141 шақырым автожол бөлігі бүлінді. 464 үй малы шығынға ұшырады. Су басқан жерлерден барлығы 6131 адам көшірілді.

Бүгін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс орталығындағы №26 орта мектеп, жастар мәдениет сарайында орналасқан көшіру орындарында болып, адамдармен тілдесті. Зардап шеккендерге көмекті жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, мектеп оқушыларын оқу құралдарымен қамту, жылы киім жинау орталығын ұйымдастыру, үздіксіз тамақ беру қолға алынуда. Отбасылар балаларымен сондай-ақ «Саяхат», «Құрмет», «Орал» қонақүйлерінде орналасуда.

Қарттар үйінде болған облыс басшысы апатты жағдайдағы №3 корпустың жағдайын тексеру жөнінде комиссия құру жөнінде тапсырды.

Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, үкіметтік комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен кеңесте тиісті құрылымдар басшылары кешегі атқарылған жұмыстар және алдағы шаруалар жөнінде мәлім етті. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабта да апаттық-құтқару жұмыстары пысықталды.

Түскен кейін әкім қалалық саяжайлар қоғамының төрағасы Алексей Саблинді қабылдады. 16 сәуірде саяжай телімдеріне тасқын су әкелген шығынды анықтау үшін облыс әкімдігінде саяжай қоғамдары басшыларының қатысуымен кеңес өткізу жөнінде шешім қабылданды.

«КазТрансОйл», «КазТрансГаз» компаниялары басшыларымен кездесуде зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мәселесі талқыланды.

Кешкісін облыс басшысы бүгінгі күннің қорытынды кеңесін өткізеді.

Соңғы жаңалықтар