Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы шараларға 300 адам, 78 техника, 33 мотопомпа, 5 қайық қатыстырылуда

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен 22 наурыз күні түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде ТЖ департаменті бөлімшелерінен 96 адам, 24 техника, 15 мотопомпа, 5 қайық шығарылған. Облыста тәулік ішінде 6944 текше метр су сорылып алынды.
Орал қаласына қарасты «Сарытау» шағынауданында 21 наурыз күні кешке қарай С.Айтқұлов көшесіндегі үйлерге су кіру қаупі төнді. Орал-Сарытау күре жолына қарай шығатын жолды жырып жіберуге тура келді. 10 үйдің жанына 500 қап төселді. Оралда барлығы 2 мың қап төселіп, үш жерден жол жырылды.
Ақсай қаласы мен Бөрлі ауылында 10 жерде, сондай-ақ Зеленов ауданы Достық, Красноармейск, Мичурин, Теректінің Подстепный, Магистральный, Тоқпай ауылдарында су сору жұмыстары жүргізілуде. Подстепныйда 5 үйдің ауласына су кірген. Мұнда арықпен су жіберу, жолды жыру жұмыстары жасалды.