Батыс Қазақстанда Тәуелсіздік мейрамына орай жаңа нысандар ашылады
Облыстық ішкі саясат басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өңірде ұлық мейрамға арналған шаралар басталып та кетті. Соның ішінде «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» атты жастар арасында фотобайқау, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтуде.
Тәуелсіздік мерекесіне орай ең бастыларын айтқанда, Оралда 12 желтоқсанда Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының ХV Достық фестивалі мен қоғамдық келісім кеңестері төрағаларының облыстық форумы, 13-інде жастардың патриоттық форумы, 15 желтоқсанда «Туған ел - асқар тауым, бақыт, бағым!» атты салтанатты жиналыс пен мерекелік концерт болмақ.
11 желтоқсанда Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес су құбыры іске қосылса, бір күннен кейін Жымпиты ауылында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. 15 желтоқсанда Бөрлі ауданының Қызылтал, Пугачев ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Ақсуда ауыз су құбыры, 16 желтоқсан күні Орал қаласында халықаралық стандарттарға сай келетін, 300 орындық мінбелерімен, үш корты бар теннис кешені, сондай-ақ үй құрылысы комбинаты ашылады. Қаратөбе ауданында Шөптікөл-Жусандой бағытында жоғары қысымды газ құбыры құрылысы да аяқталып отыр.