Батыс Қазақстанда «Тілші болғың келсе...» облыстық байқауы мәреге жетті

ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған ойшыл ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш атындағы «Тілші болғың келсе...» облыстық байқауы мәреге жетті.
None
None

4 қазан күні «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Салауат Айбатов байқау жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттады.

Аталмыш байқауға Орал қаласы мен облыс аудандарынан жиырмадан астам үміткер қатысты. Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша Сырым ауданынан келген Бауыржан Мұстафиев жеңімпаз деп танылып, оған дипломға қоса 100 мың теңге табыс етілді. Бауыржан - жауқазын жырларымен де мүшәйраларға қатысып, жүлде алып жүрген жас. «Жас Отан» жастар қанатында қызмет атқаратын оған «Сырым елі» аудандық газетінен тілшілік жұмыс ұсынылды. Сондай-ақ Орал қаласында тұратын Ләззат Шағатай облыстық «Орал өңірі» газетіне қызметке шақырылды. Оралдықтар Айнұр Базарова мен Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының студенті Айдана Хамидуллина, Жәнібек ауданынан келген ұстаз, белгілі айтыс ақыны Назгүл Кәрімова да дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Орыс тілінде жазатын үміткерлер саны аз болғандықтан әрі талапқа сай келмегендіктен, ағартушы, ақын, «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин атындағы сыйлық берілген жоқ.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, өңірдегі журналист кадрлар қатарын жаңа қызметкерлермен толықтыру мақсатында қолға алынған аталмыш байқау алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.

Соңғы жаңалықтар