08:10, 17 Маусым 2010 | GMT +5
Батыс Қазақстанда туберкулез дерті едәуір азайып отыр
ОРАЛ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда туберкулезбен ауырған 219 адам тіркелді,

бұл өткен жылғыдан 30,7 пайызға аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Соның ішінде аталмыш кеселге 14 жасқа дейінгі сегіз бала шалдықса, соның тең жартысы мамыр айының үлесіне тиеді. Соңғы айда барлығы 57 адамға сондай диагноз қойылған.
Туберкулез, педикулез (196, өткен жылғы бес аймен салыстырғанда 71,3 пайыз) кемігенімен, кейбір жұқпалы аурулар өсіп кетіп отыр. Атап айтқанда, облыс аудандарында 13 сарып (бруцеллез) дерті тіркеліп, 44,4 пайызға артқан. Сондай-ақ өткір вирусты гепатит 163,6, жұқпалы ішек аурулары 229,4, бактериялы дизентерия 100,0 пайызға көбейген.