Батыс Қазақстанда үш бірдей полиция қызметкері қамауға алынды

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алдын ала тергеу органдары үш полиция қызметкері мас күйде жүріп, 2011 жылы Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында орын алған К. есімді азаматтың қолды болған 17 бас жылқы малының ұрлығын мойындату мақсатында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылының екі тұрғынын ұстаған және оңаша жерге шығарып қинап, аяусыз жәбірлеген деген айып тағып отыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Үш полиция қызметкері ұсталып, Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Үшеуіне де аталған қылмыс бойынша айып тағылды.
Прокуратура қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру жөніндегі өтінішпен сотқа жүгінді.
Ақжайық аудандық соты БҚО прокуратурасының үш полиция қызметкеріне қатысты екі айға дейін бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішін қанағаттандырды.