Батыс Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ұсталды - ІІМ
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 жастағы мүшесін қолға түсірді.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның атап өтуінше, ол өткен жылдың қазанында жалған құжат арқылы Беларусь Республикасынан Қазақстанға «Хонда Аккорд» және «Митсубиши Аутлэндр» маркалы автокөліктерін өткізген.
«Митсубиши Аутлэндр» маркалы автокөліктің Мәскеу қаласында ұрланып, тіркеуде тұрғаны анықталды. Сондай-ақ, «Хонда Аккорд» маркалы автокөлігінің агрегаттық мәліметтері бойынша Мәскеудегі «Хонда Моторс Рус» ААҚ-қа сұрау салынды», - деді ресми өкіл.
Н. Ораздың сөзіне қарағанда, аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 325-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.