Батыс Қазақстанда үздік полицей-спортшыларға құрмет көрсетілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде осы құрылымда жұмыс жасайтын, биыл үздік нәтижелерге қол жеткізген спортшылар марапатталды.
None
None

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, полиция лейтенанты Ерболат Байбатыров биыл Алматыда өткен әлем кубогын ұтып алып, осы турнирдің үздік балуаны атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция подполковнигі Рамазан Нұрмашев ардагерлер арасында самбодан үш мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Полиция капитаны Андрей Смирнов кикбоксингтен Анапада (Ресей) өткен жарыста әлем кубогының иегері атанса, полиция лейтенанты Темірлан Ихсанғалиев қоян-қолтық ұрыстан Перуде өткен әлем біріншілігінде қола жүлдені еншіледі. Ал полиция сержанты Екатерина Ларионова Хорватияда жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс, Астанада әйелдер күресінен Азия біріншілігінде қола медальді олжалады. Бұлардың үшеуі де - халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.

Осы спортшылардың биылғы табыстары өзге әріптестері үшін үлгі екендігін атап өткен БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов оларға алдағы жылы да жеңіске жетулеріне тілектестігін білдіріп, әлемнің үздік өндірушілері шығарған спорттық керек-жарақтарды табыс етті. Соған қоса, сайыпқырандарға ақшалай сыйақы, грамота мен алғысхаттар тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар