Батыс Қазақстанда үздік тауар өндірушілер анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қазақ драма театрында «Қазақстанның үздік тауарлары» аймақтық көрме-байқауы ұйымдастырылып, оған 31 кәсіпорын қатысты.
None
None

Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов аймақтық көрме-байқаудың үздіктерін марапаттады. Көрмеге қатысушылар арасында өнімдерін елге ғана емес, экспортқа да жөнелтіп үлгерген «Жайық-Ет» ЖШС, термомықтылығы нығайтылған әйнек өндірісін бастап, өнімдерінің 80 пайызын Ресейге шығаратын «Стекло-Сервис» ЖШС және өзгелері бар. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Асылан Жақыповтың сөзіне қарағанда, биылғы көрме-байқауға аудандардағы кәсіпкерлер де қатысуға ерекше ықылас білдірді. 12 ауданның 8-інен арнайы ат арылтып келген кәсіпкерлер өз өнімдерін, соның ішінде таза ауыз суын, шұжық өнімдерін, кондитерлік өнімдерді, құрылыс материалдарын, зергерлік бұйымдарын, тігін өнімдерін және өзгесін әкеп, ел-жұртқа таныстырды. Облыстық көрме-байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Агропродукт ЛТД» ЖШС - бірінші, «Балзия» ЖШС - екінші, «Родник» ЖШС үшінші орынды иеленді. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС - бірінші, «Квант» ЖШС - екінші, «ZEP Group» ЖШС үшінші орынға шықты. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ - бірінші, «Стекло-Сервис» ЖШС - екінші, «Стройкомбинат» ЖШС үшінші орынға табан тіреді. Көрме-байқаудың жеңімпаздары сәйкесінше І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, «Қазақстанның үздік тауарлары» ескерткіш белгісімен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылардың барлығына алғысхаттар табысталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Үздіктер енді жыл аяғында өтетін республикалық байқауға қатысады.

Соңғы жаңалықтар