Батыс Қазақстанда ылғал сақтау технологиясын қолдану мен күздік бидай алқабын кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп отыр

ОРАЛ. Қаңтардың 11-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ылғал сақтау технологиясын қолдану мен күздік бидай алқабын кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп отыр.
None
None

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, биыл бюджеттің қолдауымен ылғал сақтау технологиясы 360 мың гектарға дейінгі алқапқа қолданылатын болады. Биылдан бастап демеуқаржы осы технологияны енгізгендерге беріледі.

Күздік бидай алқабын алдағы уақытта 150 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр, бұл барлық егістіктің 24 пайызын құрамақ. Бұл қуаңшылық жағдайында тиімді болып отыр. Мәселен, өткен жылы егіннің басым бөлігі күйіп кетіп, орылған жаздық бидайдың әр гектарынан 5 центнерден ғана өнім алынса, күздік бидай 9,2 центнерден берді. Сол себепті өткен жылы күзде 70 мың гектарға немесе барлық егістік алқабының 12,5 пайызына күздік бидай себілді. Облыста өсімдік майын өндіретін «Батыс Күнбағыс» АҚ зауытының іске қосылуына байланысты майлы дақылдар көлемі 2010 жылы 40 мың гектарға жеткізілмек.

Облыс ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өткен жылғы қуаңшылыққа байланысты 500 млн. теңге сақтандыру қаржысын алды. Бұл қаржының бір бөлігі тұқым сатып алуға жұмсалмақ. Өңірде 54,2 мың тонна тұқымдық дән бар, яғни бұл - қажеттінің 101 пайызы. Тұқым шаруашылығын жақсарту, жоғары өнімді сорттарды жерсіндіруге де баса көңіл бөлінетін болады.

Соңғы жаңалықтар