Батыс Қазақстанда жаңа емдеу орындары салынатын болады

ОРАЛ. 12 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында бастапқы медициналық-санитарлық көмек беру жетілдіріліп, жаңа емдеу орындары салынатын болады.
None
None

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өткен жыл қорытындылары, соның ішінде бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы нәтижелері мен алдағы міндеттер сараланған алқа мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен атап өткеніндей, өңірде денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жыл сайын көбейіп келеді. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында соңғы кезде ғана алты бірдей ірі нысан іске қосылды. Қос дәрігерлік амбулатория салынып, 12 емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, өңірде дәрігер жетіспеушілігін шешу мақсатында шаралар алынуда. Өткен жылы облысқа келген 50 жас маманның 37-сі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкер, психолог сынды жаңа штаттар ашылуда. Дәрігерлер біліктілігін көтеріп, бастапқы медициналық-санитарлық көмек беруге баса назар аударылатын болады. Яғни отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар сапалы жұмыс жасап, емханалар жүгін жеңілдетуі тиіс. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, сапалы медициналық көмекке ауыл тұрғындарының да қолы жетуі керек. Соңғы уақытта туберкулез сынды жұқпалы дерттер азайғанымен, әлі де алаңдататын жағдайлар баршылық. Мәселен, шалғайдағы Жәнібек, Шыңғырлау, Бөкей ордасы аудандарында сәби өлімі деңгейі жоғары болып отыр. Алдағы уақытта осы көрсеткішті барынша төмендетіп, ана өлімін мүлде болдырмау қажет. 2015 жылға дейін облыста 12 дәрігерлік амбулатория, екі емхана, Орал қаласында 300 төсектік көпбейінді аурухана мен сауықтыру орталығын салу көзделуде. Мұның бәрі аурудың алдын алып немесе оны ерте анықтап, ел денсаулығын түзеу үшін жасалатын болады. Елбасы талабы да осы.

Соңғы жаңалықтар