Батыс Қазақстанда жаңа мектеп пайдалануға берілді

Осыған дейін аталған мектеп оқушылары 1974 жылы салынған 120 орындық ескі ғимаратта білім алып келген еді.
Өткен жылы Бауыржан Момышұлының есімі берілген мектеп құрылысына мемлекет бюджетінен 1 191,07 млн теңге бөлінді. Жаңа ғимаратты «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС сапалы салып бітірді.
Жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің атап өткеніндей, енді жас жеткіншектер заманауи үлгіде салынған ғимаратта білім алады.
«Өңірде қыркүйек айынан бері 1 мемлекеттік, 1 жеке меншіктегі мектеп ашылды. Міне, соның қатарына тағы бір білім ордасы қосылып отыр. Бұған қоса жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмекші. Мұның бәрі – мемлекет тарапынан жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып отырған игі істер. Батыр бабамыздың есімі берілген білім ордасынан тәлім-тәрбие алған балалар еліміздің мерейін өсіріп, абыройын асырар азаматы боларына сенемін», деді Бақытжан Хаберұлы.
Оның сөзіне қарағанда, мектеп толықтай жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Смарт сынып, кең акт залы, спорт залы, асхана, шеберханалары бар. Мектеп ауласында бірнеше спорт алаңы орын тепкен.
Мектеп ұжымы оқу-тәрбие үрдісіне инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізумен қатар, «Бауыржантану», «Цифрлы мұғалім», «Домбыра party», «STEAM», «Эко мектеп», «Оқуға құштар мектеп», Дебат «Ақиқат» жобаларымен жұмыстануда. Сондай-ақ еліміздегі Бауыржан Момышұлы атындағы мектептермен желілік байланыс орнатқан.
Шара барысында «Бауыржан мектебі» атты әнұранның (сөзін жазған ақын, журналист Мұнайдар Балмолда, әнін жазған музыка пәнінің мұғалімі Элеонора Солдатова) тұсауы кесілді.
Салтанатты жиында «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС басшысы Валентина Михно игі тілегін білдіріп, мектеп директоры Аймекен Бақтығалиеваға білім ордасының бейнелі кілтін табыс етті.