Батыс Қазақстанда жасөспірімдер еңбегін заңсыз пайдаланғандар жауапқа тартылды
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, «Бөкей ордасы аудандық ауруханасы» МҚКК мен «Азгерд Билинг» ЖШС арасында ғимаратты күрделу жөндеу жөнінде келісім жасалған. Алайда кәмелетке толмаған С.Елемесов, Н.Шүкірғалиев, К.Базарбаев күніне сегіз сағат жұмыс жасап, бас бригадирден 700 теңгеден, аптасына 4200 теңге қолма-қол алған. Бас бригадир В.Карпов өз кінәсін мойындады. Осындай фактілер «Талап» АҚ дәріханасын тұрғызу барысында да орын алды. «Талап» АҚ филиалы бригадирі М.Ғайсин құрылыс жұмысына кәмелетке толмаған Ж.Жаслановты тартып, ол күніне сегіз сағат жұмыс жасаған.
Тексеру қорытындысына сәйкес аудан прокуратурасы БҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Нәсіпқали Иманғалиұлының атына кемшіліктерді жойып, кінәлілерді айыпқа тарту жөнінде ұйғарым берді. Бас инспектордың қаулысымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 87-бабы 1-бөліміне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, заңды тұлға «Талап» АҚ-ға 20 айлық есептік көрсеткіш және «Азгерд Билинг» ЖШС лауазымды қызметкері В.Карповқа 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.