13:31, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынбақ
ОРАЛ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынбақ.
Бұл туралы БҚО ішкі істер департаменті мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырған кеңейтілген кеңесте атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірде кәмелетке толмағандар ісімен 89 инспектор айналысса, соның алпысы қаладағы орта мектептер мен кәсіптік білім ордаларын бақылауға алған. Жалпы, жастар мен кәмелетке толмағандар қылмысы төмендегенмен, Орал қаласы, Теректі, Зеленов аудандарында жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр. Мектеп оқушылары жылына 300-400 қылмыс жасайды. Ұрлық, бопсалау, алаяқтық және кісі тонауда жасөспірімдердің үлесі басым. 700-ден астам бала құқық қорғау органдарының бақылауына алынған.
Кеңеске қатысқандар мектеп инспекторларының жұмысын ширату, «Жас полицей» жасақтарын құрып, түрлі қылмыстың алдын алу қажеттігін атап көрсетті.