Батыс Қазақстанда жайсыз ауа райы электр желілерінің жиі үзілуіне себеп болып отыр

ОРАЛ. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жайсыз ауа райы салдарынан биыл жыл басынан бері электр желілерінің үзілуі жиі орын алды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ бас инженерінің орынбасары Сергей Зуевтің сөзіне қарағанда, әсіресе, Тасқала, Зеленов аудандарында күрделі жағдай қалыптасты. Тасқалада бес, Зеленовта төрт елді мекен электр жарығынсыз қалған болатын. Энергетиктердің есептеуінше, мұның бәрін қалпына келтіру үшін 270 миллиондай теңге қажет. Қазіргі кезде Тасқала ауданы Семиглавый Мар ауылындағы жағдайды ретке келтіру үшін облыстық бюджеттен 11 млн. теңге бөлу мәселесі қаралуда.

Орал қаласында орталық кіші стансының екі трансформаторының бірі істен шыққан. Бұл қаланың орталық бөлігін электр қуатымен қамтуда сенімділіктің азаюына соқтырып отыр. Жаңа трансформаторды қосымша жабдығымен алу үшін 183 миллиондай теңге қажет.

Жалпы, өңірде электр жабдықтарының тозуы 80 пайыздан асқан. БҚО электр жүйесін жаңартудың 2015 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес мұны толық қалпына келтіру үшін 64 млрд. теңге керек. Биылғыдай ауа райы, яғни жаңбыр жауып, кейін күрт салқындап, қардың мол түсуі аталмыш салаға үлкен қиындық келтіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар